Компания Туралы

«Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы» (Kazakhstan Electricity Grid Operating Company) «KEGOC» акционерлік қоғамы «Қазақстан Республикасының энергетика жүйесін басқаруды құрылымдық қайта құру бойынша кейбір шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 28 қыркүйектегі қаулысына сәйкес құрылды. «KEGOC» АҚ 1997 жылғы 11 шілдеде бастапқы мемлекеттік тіркеуден өтті.

2006 жылға дейін «KEGOC» АҚ-ның 100 % акциялары мемлекеттің меншігінде болды. 2006 жылы мемлекеттік акциялар пакеті (100%) «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі Қазақстан холдингі» АҚ-ның орналастырылатын акцияларын төлеуге табыс етілді. 2008 жылы «Қазына» Тұрақты даму қоры» акционерлік қоғамы мен «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі Қазақстан холдингі» акционерлік қоғамын біріктіру жолымен «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі Қазақстан холдингі» акционерлік қоғамының құқығын иеленуші болып табылатын «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы («Самұрық-Қазына» АҚ немесе Қор) құрылды.

2014 жылғы 18 желтоқсанда «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының еншілес және бағынысты ұйымдарының акциялар пакеттерін бағалы қағаздар нарығына шығару бағдарламасын іске асыру шеңберінде Компанияның 25 999 999 дана жарияланған жай акциялары жазылым жүргізу жолымен Қазақстан қор биржасында орналастырылды.

2017 жылғы 31 желтоқсандағы жай-күй бойынша Компанияның жарияланған және орналастырылған жай акцияларының саны — 260 000 000 дана, оның ішінде 234 000 001 акция (90% плюс бір акция) «Самұрық-Қазына» АҚ атынан ірі акционерге, 25 998 609 акция миноритарлық акционерлерге тиесілі, қалған 1 390 дана акцияны «KEGOC» АҚ сатып алды.

Мекенжайы: Z00T2D0, Нұр-Сұлтан қаласы, Алматы ауданы, Тәуелсіздік даңғылы, 59-ғимарат.

Миссия

Қазіргі заманғы техникалық, экономикалық, экологиялық талаптарға, кәсіби қауіпсіздік және денсаулықты сақтау стандарттарына сәйкес Қазақстан біртұтас электр энергетикалық жүйесінің (БЭЖ) сенімді жұмыс істеуі мен тиімді дамуын қамтамасыз ету.

Пайымы

Біз — ең үздік әлемдік компаниялар деңгейінде сенімділік пен тиімділік көрсеткіштері бар озық Компаниямыз. Біз озық технологияларды қолдана отырып, Ұлттық электр торабын дамыту арқылы барлық мүдделі тараптар үшін құндылықтарды үнемі арттырып отыруды, транзиттік және экспорттық әлеуетті арттыру үшін жағдай жасауды, корпоративтік әлеуметтік жауапкершілікті арттыруды көздейміз.

Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасына сәйкес «KEGOC» АҚ Қазақстан Республикасы БЭЖ-інің Жүйелік операторы бола отырып, мынадай негізгі қызмет түрлерін жүзеге асырады:

  • ұлттық электр торабы арқылы электр энергиясын жеткізу;
  • электр энергиясын желіге босату мен тұтынуды техникалық диспетчерлендіру;
  • электр энергиясын өндіру-тұтыну теңгерімін ұйымдастыру.

Жоғарыда көрсетілген қызмет түрлері табиғи монополиялар саласына жатады, соған Байланыс ақпаратыты «KEGOC» АҚ қызметі «Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.

«KEGOC» АҚ өз қызметін Қазақстан Республикасы аумағында жүзеге асырады. Компанияның құрылымына 9 «Жүйеаралық электр тораптары» (ЖЭТ) филиалы және Жүйелік оператордың Ұлттық диспетчерлік орталығы (ЖО ҰДО) кіреді.

«KEGOC» АҚ еншілес компаниялар — «Энергоинформ» АҚ және «Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығы» ЖШС («ЖЭК жөніндегі ҚЕО» ЖШС) бас компаниясы болып табылады.

«Энергоинформ» АҚ ҰЭТ жабдықтарына қызмет көрсетуді және Компания жұмысына телекоммуникациялық қызмет көрсетуді қамтамасыз етеді.

«ЖЭК жөніндегі ҚЕО» ЖШС 2013 жылы жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) секторына инвестицияларды ынталандыру және барлық ЖЭК (өздері үшін аталған қолдау схемасын таңдап алған) объектілерінен тіркелген тарифтер бойынша электр энергиясын орталықтан сатып алуды мемлекет тарапынан кепілдендіру арқылы Қазақстанның энергия балансында ЖЭК-ті пайдалану үлесін арттыру мақсатында құрылды. Толығырақ ақпарат 1-қосымшада берілген.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 7 қазандағы № 1008 қаулысына сәйкес «KEGOC» АҚ-ның 2005 жылғы қарашада «Солтүстік Қазақстан-Ақтөбе облысының өңіраралық электр жеткізу желісін салу» жобасын іске асыру мақсатында құрылған «Батыс транзит» АҚ-да қатысу үлесі (акцияларының 20%) бар.

2018 жылғы 31 желтоқсандағы жай-күй бойынша «KEGOC» АҚ «Жүйеаралық электр тораптары» филиалдарының балансында мыналар болды:

1. жалпы ұзындығы 26 775,269 км (тізбектер бойынша) габариті 0,4-1 150 кВ болатын 370 әуелік электр жеткізу желілері, соның ішінде:

  • 1 150 кВ ӘЖ - 1 421,225 км;
  • 500 кВ ӘЖ - 8 287,977 км;
  • 330 кВ ӘЖ - 1 864,092 км;
  • 220 кВ ӘЖ - 14 693,992 км;
  • 110 кВ ӘЖ - 352,841 км;
  • 35 кВ ӘЖ - 44,13 км;
  • 10 кВ ӘЖ - 92,571 км;
  • 6 кВ ӘЖ - 12,851 км;
  • 0,4 кВ ӘЖ - 5,59 км.

2. трансформаторларының белгіленген қуаты 36 660,05 МВА кернеуі 35-1 150 кВ болатын 78 электр қосалқы станциялары, соның ішінде:

  • 1 150 кВ - қуаты 9 384,1 МВА, 3 дана;
  • 500 кВ - қуаты 16 111,5 МВА, 18 дана;
  • 220 кВ - қуаты 11 136,25 МВА, 54 дана;
  • 110 кВ - қуаты 5 МВА, 1 дана;
  • 35кВ - қуаты 23,2 МВА, 2 дана.

«KEGOC» АҚ қосалқы станцияларында мыналар пайдалануда тұр:

  • 1 150 - 10 кВ 272 күштік трансформатор мен автотрансформатор (олардың 8-і — тараптық ұйымдардың балансында);
  • 1 150 - 35 кВ 184 шунттаушы реактор (олардың 9-ы — тараптық ұйымдардың балансында);
  • 1 150 - 35 кВ 1 572 ажыратқыш (ауалық, майлы, элегазды, вакуумдық) (олардың 99-ы тараптық ұйымдардың балансында);
  • Кернеуі 35-1 150кВ 5 202 ажыратқыш (олардың 303-і тараптық ұйымдардың балансында);
  • кернеуі 1 150-35 кВ 1 583 трансформаторлар фазасы (олардың 64-і тараптық ұйымдардың балансында);
  • 1 150-35 кВ 3 704 ток трансформаторлары фазасы (олардың 244-і тараптық ұйымдардың балансында);
  • 111 аккумулятор батареялары (олардың 2-уі тараптық ұйымдардың балансында);
  • 45 компрессорлық құрылғы;
  • қатты оқшаулағыш пен трансформатор майын өңдеуге арналған 116 қондырғы мен керек-жарақтар;
  • 64 699 бірлік РҚА және АА құрылғылары;
  • 31 861 өлшеу құралы.

Қызмет географиясы